«М.Б.Ықсанов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» КММ
0
Мектеп тарихы

Дана халқымызда «Елдің атын ер шығарар» деген ұлағатты сөз бар, біліммен, еңбегімен өшпес із, өлмес мұра қалдырған тұлғалар баршылық, солардың бірі – М.Б.Ықсанов. «Ел қамын мүдде тұтар ерлер шығар, егер де қабырғалы болса елі» демекші, ағаның өмір жолы – ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етуі, биік азаматтық ұстанымы кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге. Осындай өнегелі ел ағаларының жасампаздығын мақтан тұтар өресі биік, өнегесі мол ұрпақ Мұстахим есімімен аталатын мектепте біліммен қанаттануда.

 

Орал қаласы әкімінің 1994 жылы 13 сәуір №508 қаулысына, қалалық оқу басқармасының 1994 жылы 15 сәуір күнгі №122 бұйрығымен №36 қазақ орта мектебі ашылды. 1996 жылы 24 шілдеде қала әкімі О.Рахымбердиннің №10-116р бұйрығына сай мектепте БҚО халық ағарту ісінің қалыптасуына қосқан үлесін ескере отырып және 70 жыл толуына орай №36 орта мектепке Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың аты берілді.

 

1994-1999 ж.ж. Киелі білім ордасының алғашқы мектеп директоры болып өзіне қашан да сенімді талапшыл ұстаз Светлана Меңдіғалиқызы Бахишева басқарды.

 

1999-2012 ж.ж. Білім ордасында 14 жыл ұлағатты ұстаз, іскер басшы ҚР Білім беру үздігі Елеуова Нұржиһан Закарияқызы басшылық етті. Осы жылдар ішінде қасиетті білім ордасында тәжірибелі де білікті ұстаздар:Ескалиева Айдай, Ержанова Қанымай, Сапарова Зауреш, Бостанова Зәрует, Қанаева Назигул, Наталья Ергужиева, Хакимова Дина, Жарасова Ғалия, Ахтева Кенже, Жүрсінова Жумазия, Құсмұрзиева Бақтылы, Сәрсенғалиева Ақмарал, Мукаева Айжан сынды ұлағатты ұстаздар саналы ғұмырын ұстаздық еңбекке арнап, сан шәкіртті осы мектеп қабырғасынан қияға қанаттандырды. Шәкірттерінің ізденіс мен жетістікке жетелеп, жемісті еңбек еткен Г.Таскарина, А.Дауымова, А.Тулеушова, Ш.Сағынғалиева, З.Тәжіғалиева, А.Баймолдина, А.Кенжеғалиева, А.Хасимова, Г.Сейтова, С.Бердіғалиева, Р.Бекмағанбетова, т.б көптеген ұстаздар осы қасиетті шаңырақта шығармашылық  шеберханасын шыңдады. Білім кеңістігінде өз үлесі бар талай дарындар мен таланттарды тәрбиелеп шығарған қара шаңырақ ұстаздарыдың іс-тәжірибелері республика, облыс көлемінде таратылған. Мектебіміздің тарихи шежіресі бойынша 1994-2017 жылдар аралығында 11 «Алтын белгі» иегері, 16 «Ерекше аттестат» иегері өмірге қанаттанды.

 

2012 жылдан мектепті тәжірибелі, білікті басшы Азима Зиннатқызы Губашева басқарады. Қаламыздағы іргелі білім ошағы жылдан-жылға көркейіп, оқу-тәрбие  саласында алдыңғы оң мектептер қатарында. Мектебімізде білім сапасы, ҰБТ-дағы көрсеткіштері жыл өткен сайын жоғары деңгейден түспей, тынымсыз еңбектің дәлелімен сипатталып келеді. Ұстаздың кәсіби  шеберлігінің шыңдалуы сапалық құрамның өсуінен де көрініс табады. 2015-2016 оқу жылынан мектеп  12 жылдық білім беруге көшудегі респуликадағы 30 пилоттық мектептер қатарына енді. Жаңартылған білім мазмұны бойынша  мұғалімдер Астана қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығынан білім жетілдіру курстарынан өтті. Деңгейлік курстар бойынша 30 шақты мұғалім сертификатталды. Бүгін де тарихы  әбден толысқан Мұстахым аға атындағы мектеп ұжымы бүкіл талантын, бүкіл өмірін тәрбие,білім ісіне сарп етіп келеді.Уақыт талабына сай серпінді күш-жігер сыйлар ұжымға айналды.